Қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев елдің бұрынғы президенті, қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезінде жинаған байлығына қатысты үкіметтің тергеуі аясында мемлекетке 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы 5 ақпанда осы жағдаймен таныс дереккөздеріне сүйеніп Bloomberg агенттігі жазды.
"Келісімге келер болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев қаржының бір бөлігін ақшалай, қалғанын инвестиция түрінде төлейді", – деп хабарлады агенттік.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Құлыбаев төлем жасағанмен, бұл оның кінәсін мойындау дегенді білдірмейді.
Агенттіктің жазуынша, Құлыбаевтың өкілі бұл мәселе мемлекеттік істерге қатысты деп, тікелей пікір білдіруден бас тартқан, бірақ "кез келген төлемді активтерді қайтару деп атаған дұрыс емес" деп айтқан. Миллиардердің өкілі "осы жылдар ішінде Құлыбаев елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты және "осы бағытта үкіметпен өзара әрекет етуді жалғастырып отыр" деп жауап берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлыбаевтың компаниялары, ресейлік "Транснефть" және басқалар. Каспий құбыры жайлы жаңа зерттеу не дейді?Былтыр қарашада жергілікті медиалар Тимур Құлыбаев пен Қазақстан прокуратурасы соттасып жатыр деген ақпарат таратқан. Істе кәсіпкер Құлыбаевтың жауапкер екені жазылған еді. Ал арыз иесі ретінде Бас прокуратураға қарайтын активтерді қайтару жөніндегі комитет көрсетілген.
ҚазТАГ, Orda, Kursiv және өзге де бірқатар сайт жарыса хабар таратқанымен, дерек ең алдымен Nege Aqsha деп аталатын телеграм-арнаға шыққан. Арна авторлары сот кабинетіндегі құжаттың скринін жариялап, істі 18 қарашадан бастап Алматы қалалық соты қарап жатыр деп жазған.
Бір ай бұрын кәсіпкердің заңсыз иемденілген активтерді қайтару заңы аясындағы құпия реестрге кіргені туралы ресми расталмаған ақпарат та осы арнада пайда болған. Заңға сәйкес, активтерді қайтару жөніндегі комитет те, комиссия да байлығы тексерілетін адамдар тізімінде кімдер барын жарияламайды.
Азаттық сол уақытта Алматы қалалық сотының өкіліне хабарласып, комитет пен кәсіпкер арасындағы сот жайлы ақпарат сұрағанда, баспасөз қызметінің өкілі жауап беруден бас тартқан еді. Ал сот кабинетінде екі тараптың арасында қандай да бір сот процесі өтіп жатқаны туралы ақпарат болмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҚазҰУ және Құлыбаев. Университет жері неге әлі қайтарылмады?Құлыбаев – Орталық Азиядағы ең бай адамдардың бірі. Forbes басылымы оның байлығы 5 миллиард доллардан асады (2024 жылдың наурызындағы есеппен) деп жазған. Әлемнің бірқатар елінде қымбат жылжымайтын мүліктері бар Тимур Құлыбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі.
Құлыбаевтың қолындағы негізгі активтерге: Қазақстандағы ірі банктер қатарындағы Halyk Bank ("Халық банк"), жылына Құлыбаевқа 27 млрд теңге әкелетін отыздан аса сауда үйі мен қонақүйлер және мұнай компаниялары жатады.