Өзбекстан АҚШ-қа жеті Black Hawk тікұшағын жіберді, 2021 жылғы тамызда оларға ауған ұшқыштары мініп, елден қашқан. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, бұл туралы 31 қаңтарда Вашингтондағы Өзбекстан елшілігінде Өзбекстан қарулы күштері құрылғанына 33 жыл толуына орай өткен іс-шарада айтылған.
Өзбекстандағы америкалық 46 авиация техникасының (22 ұшақ және 24 тікұшақ) басым бөлігі өзбек еліне берілді. Алайда Пентагон пайдалануға жарамды деп таныған жеті Black Hawk тікұшағы АҚШ-қа қайтарылған.
АҚШ қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары міндетін атқарушы Дэвис Флорик Өзбекстанға көп жылдық әскери-техника саласындағы әріптестік үшін алғыс білдірген. Ол Ташкенттің қолдауы Ауғанстандағы халықаралық контингент миссиялары табысты болуына, сондай-ақ ауған босқындарын эвакуациялауда және Ауғанстан халқы үшін гуманитарлық конвойлар ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды деген.
Өзбекстанның АҚШ пен Канададағы елшісі Фуркат Сидиков Ташкент Вашингтонмен әріптестікті барлық салада арттыруға дайын деп айтты. Ол Өзбекстан үкіметі екі елдің қауіпсіздік жүйелері мен қарулы күштері арасындағы байланысты жоғары бағалайды деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптерден қашып, Тәжікстанды паналаған ауған ұшқыштарының хәлі неге мүшкіл?2021 жылы "Талибан" қозғалысы Кабулда билікті басып алған кезде ауған ұшқыштары елдегі ұшақтар мен тікұшақтардың бір бөлігіне мініп, Өзбекстан мен Тәжікстанға қашқан.
Сол уақытта Өзбекстанның әуе кеңістігіне 22 әскери ұшақ пен 24 тікұшақ өтіп кеткен (Embraer EMB 314 Super Tucano, UH-60 Black Hawk, MD-530, PC-12 және Ми-17), оларда барлығы 585 ауған жауынгері болған.
"Талибан" өкілдері бұл ұшақтар мен тікұшақтар Ауғанстанға тиесілі, оларды қайтару керек деп бірнеше рет айтқан. Ресми Ташкент ұшақ пен тікұшақтар АҚШ-тың меншігі, сондықтан қайтарылмайды деп мәлімдеген. Өзбек шенеуніктерінің бұл мәлімдемесін кейін америкалық шенеуніктер растаған.