Қанды Қаңтарда қаза тапқан Жағыпаров пен Қапсаланов ісі: әскери офицер 7 жылға сотталды

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталығында қаза тапқан Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың ісі бойынша әскери сотта судья үкім оқып тұр. Алматы, 7 ақпан, 2025 жыл.

ӘСКЕРИ СОТ ҮКІМІ

7 ақпанда Алматы гарнизонының әскери соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңы маңында оқ тиіп қаза тапқан Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың ісі бойынша сотталушы 42 жастағы Айтжан Әубәкіровті "Билiктi асыра пайдалану" бабымен кінәлі деп танып, жеті жылға бостандығынан айырды.

Айтжан Әубәкіров Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінде подполковник шенінде қызмет атқарған, Қаңтар оқиғасы кезінде әскери бөлімнің жедел мақсаттағы екінші батальонының тобына жетекшілік еткен. Судья оны подполковник шенінен айырды.

Сот үкіміне сәйкес, Әубәкіров марқұм Ерлан Жағыпаровтың отбасына моральдық өтемақы ретінде 10 млн теңгеден екі рет, жиынтығы 20 млн теңге төлеуге тиіс. Әубәкіровтің өзі журналистерге пікір берген жоқ. Оның туыстары сот үкіміне келіспеді.

Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша ең қатаң жаза берілді, бірақ ол жеткіліксіз" деді. Жәбірленуші тарап бұл істегі "билікті асыра пайдаланды" деген айыпты "Адам өлтіру" бабына ауыстырғысы келеді. 2024 жылдың ақпан айына дейін тергеу ісі "Кісі өлтіру" бабымен сараланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар құрбандары: Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың қазасы мен сот процесі

"ЕКЕУІНІҢ ҚОЛЫНА КІСЕН САЛЫП ҰРЫП-СОҚҚАН, БІРНЕШЕ ОҚ ТИГЕН"

Бұл іс бойынша сот екі азаматтың қазасынан соң үш жылдай уақыт өткенде, 2024 жылдың желтоқсан айында басталды.

Іс материалдары бойынша, 49 жастағы Ерлан Жағыпаров пен 35 жастағы Әуез Қапсаланов 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында ұсталған. Екеуі де қарусыз болған. Жағыпаров пен Қапсалановты ұстаған әскери қызметшілер екеуін қолына кісен салып, сабап-тепкілеп, автоматтың дүмімен ұрған, кейін оларға оқ атқан. Қаза тапқан екеуі Алматыдағы орталық алаңның маңынан табылған.

Айыптау актісінде "сот алдындағы тергеу кезінде жеке басы анықталмаған Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінің қызметшілері, билік өкілі бола отырып, қызметін асыра пайдаланып, өз құқықтары мен өкілеттіктері аясына мүлде жатпайтын әрекеттер жасаған" деп айтылған. 2022 жылдың ақпан айында жүргізілген сараптама қаза тапқан Жағыпаров пен Қапсалановтың денесіне көптеген зақым келгенін анықтап, құжатқа түсірген.

Биыл 16 қаңтарда әскери сот Жағыпаров пен Қапсалановтың ісін жабық өткізу туралы қаулы жариялады. Жәбірленуші тараптың адвокаты Сәуле Көпжанова сот қаулысына келіспеді, ол процесті жабық өткізуге дәлелді негіз жоқ деді.

Сот отырысының бірінде Нұрлан Жағыпаровтың адвокаты сотталушыға белгіленген бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны қамауға алуды сұрап өтініш берген. Қорғаушы тарап бұған қарсы болып, өткен үш жыл ішінде Айтжан Әубәкіровтің тергеуден қашпағанын алға тартқан. Сот жәбірленуші тараптың өтінішін орындамады, айыпталушы үкім шыққанға дейін бостандықта жүрді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мәйітін жуындырғанда шыдай алмадым". Қаңтарда оққа ұшқан Әуез

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрап, елдегі күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

Қанды Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.