Астанадағы PaperLab зерттеу орталығының 7 ақпанға жоспарланған "Өзгеріссіз тәртіп: Қазақстандағы саяси реформалар неге алып келді?" атты талқылауы онлайн өтетін болды. Алдын ала келісіп қойған қаладағы қонақүйдің бірі соңғы сәтте оларға орын беруден бас тартты. Орталық жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзінше, қонақүй өкілі "тақырыптарыңыз саяси екен, басшылық рұқсат етпеді" деп айтқан.
– Оларға әлдебіреу қысым жасады ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ мұндай жағдай өздігінен туындамайтыны анық. PaperLab дискуссия алаңына биыл 9 жыл толады. Осы уақыт ішінде еш кедергісіз өзекті әрі өткір деген тақырыптарды талқыладық. Биліктен үнемі спикер шақырамыз. Осы жолы да саяси реформалар тақырыбын талқылауға мәжілістен, квазимемлекеттік ұйымдардан спикер шақырдық – ешкім келіспеді. Соған қарамастан дискуссияда әртүрлі пікірді қамтамасыз ету үшін әр саладағы спикерлермен келістік, – деп жазды Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында.
Әлеуметтанушы "өркениетті мемлекеттің белгісі – маңызды тақырыптар бойынша конструктивті диалог құра алу емес пе?" деді.
– Жаңа орын іздеуге уақыт шектеулі болғанына байланысты талқылауды онлайн-форматта өткізуге шешім қабылдадық, – деп мәлімдеді зерттеу орталығы.
PaperLab сарапшылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен реформалар нәтижесін және елдің даму бағытына әсерін талқыламақ болған.
PaperLab – әлеуметтік зерттеу жүргізеді, пікірталастар мен тренингтер өткізеді. Бұған дейін MediaNet халықаралық журналистика орталығының Demoscope жобасымен бірге Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, атом электр станциясын салу және парламент сайлауы алдындағы сайлаушылар көңіл-күй жайлы сауалнамалар жүргізген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Серік Бейсембаев: Авторитар жүйеге кез келген азаматтық мобилизация – қауіп