Трамп палестиналықтарға Газадан көшуді ұсынды

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Вашингтон, 4 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы палестиналықтарға соғыстан қираған сектордан көрші елдерге біржола көшуді ұсынды. Ол сейсенбіде Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен келіссөз жүргізді. Америка президенті Газаны "қираған жер" деп атады. Бұл туралы Вашингтоннан Reuters агенттігі, CNN телеарнасы және басқа да ақпарат құралы хабарлады.

Трамп Иордания, Египет пен басқа да араб мемлекеттерін Газа тұрғындарын қабылдауға тағы да үндеп, палестиналықтардың сектордан кетуден басқа амалы жоқ деп мәлімдеді.

Израиль мен ХАМАС содырлары арасында шамамен 16 айға созылған соғыстан кейін Газадағы бүлінген ғимараттар жөндеуді қажет етеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс өрті шарпыған Газа халқының өмірі

Ақ үйдегі АҚШ президентінің жұмыс кабинетінде өткен кездесуде Нетаньяху Трамп сөйлеген кезде жымиды деді CNN тілшісі. Ел ішіндегі бәсекелестерінен қысым көріп отырған Израиль премьер-министрі Вашингтонға Трамптың Газадағы атысты тоқтатудың келесі кезеңі бойынша ұстанымын анықтап алуға барған.

CNN-нің жазуынша, Трамптың Газа тұрғындарын сектордан біржола кетуге шақырған ұсынысы Израильдің ең консерватив саясаткерлерін оған қарсы қоятын арандатушы ұстанымға тең, бұдан бөлек, АҚШ президентінің ұсынысы Израильдің көршілеріне ұнамайды. Олар анклавтан жаңа көшкен палестиналық босқындарды қабылдағысы келмейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

Сейсенбіде Трамп бұл мәселені гуманитарлық деп тұжырымдап, біреудің соғыс болған жерде қалғысы келетініне сену мүмкін емес деді.

"Олар не үшін қайтып баруы керек? Ол жер тозақ болды", – деді Трамп тілшінің "олардың үйі сонда" деген сөзін елемей.

Трамп Газаның орнына палестиналықтарға тұруға "жақсы, жаңа, әдемі жер учаскесін" беруді ұсынды.

"Меніңше, адамдар Газаға оралмауы керек. Газа олар үшін өте сәтсіз болды. Газа – адам тіршілік қылатын жер емес", – деді Трамп.

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобының Израильге жасаған шабуылы салдарынан 1200-ге жуық адам қаза тапқан, 250-ге тарта адамды ХАМАС Газа секторына күштеп алып кеткен еді. Кейін Израиль қарымта ретінде әскери операция жүргізді. Палестина тарабының дерегінше, секторда 47 мыңға жуық адам өлген, Израиль армиясы бірнеше жүз адамынан айырылған.

2025 жылы қаңтарда Израиль мен ХАМАС радикал тобы (Еуропа Одағы мен АҚШ-та террористік деп танылған) атысты уақытша тоқтатуға және 2023 жылғы 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқынға түскен Израиль азаматтарының бір бөлігін босату жөнінде келісім жасасты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Газада атыс тоқтағанын хабарлады