Accessibility links

Жұманғарин: бюджет бойынша маған Илон Масктың идеясын ұсынды


Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге Қазақстан азаматы бюджет қаржысын тиімді пайдалану бойынша қызметін ұсынған. Министрдің сөзінше, ұсыныс АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінде америкалық миллиардер Илон Маск жүргізіп жатқан жұмыс сияқты. Жұманғарин ол адамның аты-жөнін айтпады.

6 ақпанда сенатта Серік Жұманғарин салық реформасына, қосымша құн салығына қатысты журналистер сұрағына жауап берді.

– Маған президент Трамп әкімшілігінде Илон Маск мырза жүргізіп жатқан жұмыс сияқты идея ұсынылғанын жасырмаймын. Ол жақта мемлекеттік басқару тиімділігі департаменті бар. [Қазақстан азаматы] өз қызметін ұсынды, идеялары барын айтты. Мен оны шақырдым, "кел, бірге жұмыс істейік, жұмыс тобын құрайық" деп айттым, – деді министр.

Жұманғариннің сөзінше, әлеуметтік бюджетті қысқарту "өте қиын".

– Әлеуметтік бюджетке көп балалы аналар, балалар, қарттар, зейнеткерлер жатады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Мен бюджеттің басқа түрлерін қарау керек деп айттым. Біз қысқартуға қарсы емеспіз, мүлде. Ол ақылға қонымды болып, қарапайым адамға әсер етпеуі керек, – деді ұлттық экономика министрі.

Orda.kz сайтының жазуынша, Жұманғаринге идея ұсынған адам – экономист Рақым Ошақбаев. Әзірге ол желідегі парақшасында бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеді.

Трамптың инаугурациясынан кейін Space X және Tesla компанияларының басшысы, миллиардер Илон Маск басқаратын мемлекеттік басқару тиімділігі департаменті (DOGE) құрылған. Оның мақсаты – артық нормативтік актілерді алып тастау және шенеунік санын азайту.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG