6 ақпанда Алматыда жұрт 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Еркебұлан Сыдықбаевтың жесірі Сая Есенгелдіні ақтық сапарға шығарып салды. Қаңтар оқиғасынан кейін төрт баламен қалған Сая қала арасында такси айдап, отбасын асырап жүрген. 4 ақпанда ол Алматы – Бішкек тасжолында көлік апатынан қаза болды.
Туыстары Саяны Алматының іргесіндегі Саялы ықшам ауданындағы қорымға, күйеуінің қасына жерледі. Марқұмның жақындары журналистермен сөйлескісі келмеді.
6 ақпан таңертең, жаназаға дейін Саяның отбасына Алматы қаласындағы Qazaq Stroy компаниясы үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Бұған дейін АҚШ-та тұратын блогер Айжан Хамит жалғызбасты ана үш жылдан бері жергілікті әкімдіктен пәтер ала алмай жүрген еді деп жазған.
Сая Есенгелдінің жаназасына Қаңтар құрбандарының туыстары да келді. Азаттық тілшісімен әңгімеде олар мемлекеттен жеткілікті өтемақы алмағанын айтты.
Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған бір топ адам биыл 5 қаңтарда Алматыдағы "Тағзым" мемориалына барып, марқұмдарға құран бағыштап, гүл қойған. Қанды Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Тұрар Арыстанқұловтың жесірі Әлия Сәкенқызының сөзінше, кейін олар әкімдікке барғанда, Сая шенеуніктерге жағдайы қиын екенін айтып, пәтер беруді сұраған.
– Қаңтардың үш жылдығын жасауға Таразға бардық, сол кезде "шаршадым" деді. "Ақша жеткізе алмай жатырмын. Пәтер ақысы бар. Көлігімнің несиесі бар" деген еді. 5 қаңтарда әкімдікке барайық дедік. Бардық, [көмек] сұрадық. Сол кезде бермеген пәтерді бүгін таңертең әкеліп тұр екен. Резервте жоқ болса, екі күннің ішінде қайдан шығарды? – деді Әлия Сәкенқызы.
Сая Есенгелдінің жаназасына қатысқандардың бірі – Қаңтар кезінде күйеуі қаза тапқан Шапағат Қадырова "үш баламның асыраушысы да, қараушысы да өзім болып қалдым. Үкіметтен өтемақы берілді, бірақ ол ешнәрсеге жетпейді" деді.
31 жастағы Сая Есенгелдінің күйеуі Еркебұлан Сыдықбаев Қаңтар оқиғасы кезінде құйымшағына оқ тиіп, ауруханада жан тапсырған. Сол уақытта тергеушілер туыстарына Еркебұланға Алматыдағы президент резиденциясы маңында оқ тиген деп айтқан. Бірақ марқұмның көлігі қаланың басқа жағынан табылған. Еркебұлан Алматыда дүрбелең басталған уақытта анасын жұмыстан алып кетуге шығып, үйіне қайтып оралмаған.
Сая Есенгелдінің артында кәмелетке толмаған төрт баласы қалды. Оларды қазір Саяның анасы қарап отыр.
ПІКІРЛЕР