Accessibility links

Қазақстанда сталкинг жасағандарға айыппұл салмақ


Қазақстанда қылмыстық, қылмыстық-атқару және қылмыстық-процестік кодекстерді оңтайландыру жөніндегі заң жобасына сталкинг жасағандарды жауапқа тартуды көздейтін норма енгізілді. Бұл туралы парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан хабарлады.

"Арнайы бап, сталкинг деп аталады, қылмыстық құқық бұзуға жатады. Құжатты палата қарауына келесі я бір аптадан кейін – екінші оқылымға шығару жоспарда бар. Бірақ заң жобасында бұл норма бар, оған депутаттар бастамашы болды", – деген депутат сөзін "Информбюро" сайты жариялады.

Сталкинг жасағандарға енді айыппұл салуы мүмкін. Оның мөлшерін заң жобасын қайта талқылағаннан кейін белгілейді. "Жаза неліктен қатаң болмайды?" деген сұраққа депутат алдымен заңды қолдану практикасын зерделеу маңызды деп жауап қатты.

"Қажет болса, жаза алда күшейтілуі мүмкін", – деді Абзал Құспан.

Депутаттар қыз алып қашқандарды жазаға тарту бойынша да ұсыныс айтқан. Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, бұған әртүрлі жаза қарастырылып отыр: бостандығынан айыру, айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа жегу.

"Бәрі жағдайға байланысты болмақ: бір топ адам істеген болса, кәмелетке толмаған адамға қатысты болса, қандай да бір психологиялық я физикалық зиян келтіргеніне қарай", – деді Әбенов.

Қыз алып қашқандарды қылмыстық жауапқа тарту туралы айтқан депутат заң жобасында мұндай әрекетке үш жылдан бес жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған деді.

Былтыр желтоқсанда мәжілісте депутаттар қыз алып қашу мәселесін талқылап, 2023 жылы 13 қызды алып қашқан, 2024 жылғы сегіз айда Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған деп айтқан еді.

Сол уақытта Қылмыстық кодекске "Некеге отыру үшін адам ұрлау" деген 125-1-бап енгізіледі деп айтылған.

Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашуға байланысты іс-әрекеттер "Адам ұрлау" бабы бойынша сараланады, ал құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер сталкинг деп сипаттайтын іс-әрекеттер бойынша полицияға арыз берілсе, көбіне "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылады.

Қазақстанда некеге отыру үшін қызды еркінен тыс алып қашқандар мен сталкинг бойынша ресми статистика жүргізілмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG