4 ақпанда Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады. Былтыр 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы құлап, 38 адам қаза тапқан. Есепте көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия "ұшақтағы тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазған. "Азаттық Азия" редакциясы үкімет есебінің тұжырымдарымен танысып, апаттан қаза тапқандардың отбасымен және тірі қалған жолаушылармен сөйлесті.
Қолы мен беті дәкемен таңылған егде ер адамды аурухана дәлізімен арбаға салып алып келе жатыр. Дәрігерлер оған бір сәт жансақтау бөлімінің ішіне есіктен сығалап қарауына мұрсат берді. Медициналық түтікшелер оратылған төсекте жатқан әйелін таныған ер адам көз жасына ерік берді.
Интернетте тарап кеткен осы видеода Нурулла Сираджовтың ұшақ апатынан кейін ауыр жараланған зайыбын алғаш рет көрген сәті бейнеленген.
Ерлі-зайыпты зейнеткерлер 25 желтоқсанда Бакуден ұшаққа мініп, Шешенстандағы балалары мен немерелеріне аттанған еді. Бірақ олар мінген Embraer 190 ұшағы Грозныйға сол күйі қона алмады.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы Каспий теңізінің үстімен ұшып өтіп, Ақтауға қонбақ болған кезде апатқа ұшырады.
Ұшақтағы 67 адамның 38-і мерт болды, арасында қазақстандық алты жолаушы да бар.
Тірі қалған 29 адамның бірі Нурулла Сираджовтың есінде ұшақ құлар алдында не болғаны бүге-шүгесіне дейін қалыпты. Оның айтуынша, Бакуден ұшып шыққаннан кейін шамамен 40 минут өткенде қатты соққыны сезген: гүрс еткен дыбыс естіліп, ұшақ шайқалып кеткен. Шошып кеткен жолаушылар айғайлап, азан-қазан болған.
– Аяғым қатты ауырып кетті, құдды жараланып қалғандай сезіндім. Қолыммен ұстап көріп едім, ештеңе байқамадым. Адамдар орнынан тұрып, әйелдер жылай бастады. Стюардессалар: "Қорықпаңыздар, орындарыңызға отырыңыздар" деп жұртты сабырға шақырды. Барлығы қайтадан орнына отырды, сол сәтте тағы бір соққы сезілді. Бұл жолы [біріншісінен де] қатты болды. Өзімнен бірнеше метр тұстан ұшақта тесік пайда болғанын көрдім, "қыр-қыр" етіп ауа кіріп жатқаны естілді. Ұшақ жіпке ілінген зат құсап, біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсіп, оң мен солға теңселіп, шайқалып кетті. Адамдар айғай-шуға басты. Бір қыз: "Аяғым-ай, аяғым!" деп жылады. Бізбен бір ауылда тұратын тағы бір ер адам: "Бүйрегім!" деп айғайлады. Жарықшақ па, жоқ әлде басқа зат тиді ме, білмеймін. Мен ұшақтың құйрық жағында отырғам, оның айғайын естідім, бірақ өзін көрген жоқпын, – деді 71 жастағы Нурулла Сираджов.
Сираджовтың сөзі ұшаққа сырттан бөгде заттар тиген деген болжамды растайды. Қазақстан аумағына құлаған ұшақтың артқы бөлігінің сыртқы қаптамасын тесіп өткен шұрық-тесік көп екені айқын көрінетін алғашқы видеолар интернетте лезде тарап кеткеннен кейін әлгіндей болжамдар айтылды.
Жұрт жолаушы ұшағын әуе шабуылынан қорғану қаруы зақымдаған болуы мүмкін деген долбарды талқылай бастады. Мұндай долбар жасағандар дәл сол күні, 25 желтоқсанда Шешенстанда әуедегі украин дрондарын (үш жылға жуық уақыттан бері Мәскеудің әскери басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Киев Ресей аумағындағы нысандарға әуеден шабуылдайтын дрондар ұшырады) қағып түсіруге тырысқан деген ақпаратқа сүйенді.
Ресей федерациясының әуе көлігі жөніндегі "Росавиация" агенттігі Azerbaijan Airlines ұшағы Қазақстан аумағына құлағаннан кейін алғашында ұшаққа әуеде құстар соғылған және ұшақтағы оттегі баллоны жарылған болуы мүмкін деп хабарлаған.
Қазақстанның көлік министрлігі ұшақ апатын тексерудің алдын ала қорытындысын 4 ақпан күні кешке ресми сайтында жариялады. Қазақша я ағылшын тіліндегі нұсқасы жоқ, тек орыс тілінде жарияланған мәтінде ұшақтағы арнаулы құрылғыларға жазылып қалған екі "қатты дыбыстан" кейін ұшақтың басқару жүйесі істен шығып, салонда саңылау пайда болған деп жазылған.
Сираджовтың сөзінше, ұшақ екі қатты соққыдан кейін де ұша берген. Біраз уақыт өткенде ұшақ экипажы Грозныйға жеткенін жолаушыларға хабарлап, ұшақ қонуға ыңғайланып, төмендей бастаған. Сираджов ұшақ терезесінен әуежайдың ұшақ ұшып-қонатын алаңын, үйлер мен ағаштардың төбесін көргенін айтты. Бірақ кенет ұшақ бірден көкке самғап, Грозныйдан алыстай бастаған.
– Шамамен бір сағат өткенде стюардесса "біз суға қонамыз" деп ескертті. Арнаулы кеудешені кию керегін айтты. Біткен жерім осы екен, қабір де бұйырмайтын болды, із-түссіз жоқ боламыз-ау деп ойладым. Біраз уақыттан кейін стюардесса кеудешені шешіңіздеп, жерге қонатын болдық деді. Стюардесса екі қыз жұртты сабырға шақырып: "Қатты соққы болады, қорықпаңыздар. Алдыңғы орындықты мықтап құшақтап, басыңызды бұғып, құлағыңызды жауып, көзіңізді жұмып отырыңыз. Егер жұмсақ затыңыз болса, басыңыз бен орындықтың арасына қойыңыз" деп айтып жатты. Мен курткамды шешіп, үлкендеу етіп бүктеп, әйеліме бердім. Жерге құлап қирап я өртенетін шығармыз, дәм-тұзымыз таусылғаны осы болар деп ойладым, – деді басынан өткенді баяндаған Нурулла Сираджов.
Ақтау әуежайына жетпей жерге құлаған жолаушы ұшағы бірнеше бөлікке бөлінді. Алдыңғы бөлігі лезде отқа оранып, жанып кетті. Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер апат болған жерге жылдам жетті: Каспий теңізінің үстімен ұшып бара жатқан кезде ұшақ экипажы басқару жүйесі істен шыққанын хабарлап, апат белгісін бергендіктен Ақтау әуежайының жедел әрекет қызметі әзір тұрған еді.
Жерге құлаған ұшақтың артқы жағындағы орындарда отырған жолаушылар тірі қалды.
– Мен төбеде салбырап тұрдым, – деп әңгімеледі зейнеткер апаттан кейінгі алғашқы сәтті. – Әйелімнің есімін атап, айғайладым. Жауап болмады. Сосын біздің ауылдың жігіттерін іздеп айғайладым. Бізбен бірге ұшақта Загатал ауданынан алты адам болған еді. Аварша айғайлап шақырдым, сосын әзербайжанша айғайладым. Белдігімді шешпекші болып, ағытып жібергенімде құлап, бірнеше рет аунап түстім. Айнала қап-қараңғы, шаң, түтін, түк көрінбейді. Адамдар қозғалып жатқанын сездім, біреулер жылап жатыр. Бірнеше адам менің үстімнен өтіп жатты. Орнымнан тұрдым, ту сыртымнан біреу "жүр-жүрлеп" итере бастады, адымдап сыртқа шықтым. Есік те, ештеңе де жоқ, ұшақ бөлініп қапты. Сыртта бізді адамдар күтіп тұр екен. Көп адам жиналыпты. Жедел жәрдем, жұмысшылар, құтқарушылар. Тікұшақ келіп қонды. Бізді жедел жәрдем көлігіне салып, ауруханаға жеткізді.
Апаттан соң алғашқы күні Нурулла Сираджов әйелінің тірі я өлі екенін біле алмаған. Дәрігерлерден сұрағанымен олар мардымды ештеңе айта алмаған. 26 желтоқсанда апаттан тірі қалған ұшақ стюардессасы ауруханада Сираджовты көріп қалып, оған әйелі жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқанын жеткізіпті. Бұл жаңалықты естігенде зейнеткер қанат біткендей қуаныпты.
Ерлі-зайыптылар Қазақстаннан Отанына екі бөлек қайтты: әуелі дәрігерлер денсаулық жағдайы тасымалдауға жарайды дегендерді аттандарды, олардың арасында Нурулла Сираджов та болды, бірнеше күннен кейін оның ес-түссіз жатқан әйелін де арнаулы ұшақпен елге жеткізді.
Өткен аптада 68 жастағы Мүслимат Сираджованы аурухананың әдеттегі палатасына, жұбайының қасына ауыстырды.
– Оны өзім күтіп-қарап жатырмын, – деді Нурулла. – 15 күн бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Аяқ-қолы сынған. Күн өткен сайын беті бері қарап келе жатыр.
Зейнеткерлер барлық затынан айырылғанын айтады. Ол сол күні бүкіл киімін алып, Бакуден Грозныйда тұратын ұлдарына ұшып шыққан. Қыстай сонда болып, жаз шыға Сауд Арабиясына бармақшы болыпты. Нурулланың айтуынша, балалары ата-анасын Меккеге қажылық сапарға жіберуге уәде етіпті. Енді қажылық сапар кейінге қалып тұр.
Нурулла Сираджовқа әсіресе әйелінің тіс протезін таба алмай қалғаны батады, Қазақстаннан эвакуациялаған кезде жоғалтып алыпты. Апат салдарынан қатты зардап шегіп, енді ғана аздап өзіне келе бастаған Мүслиматқа қызыл иекпен ас шайнау өте қиын. Ерлі-зайыпты ол протез Ақтаудағы ауруханада қалып қойды деп отыр. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Азаттық Азия редакциясына ұшақ апатынан зардап шеккен науқастардың барлық заты оларды Отанына жөнелткен кезде өздерімен бірге берілген деп хабарлады.
Бакуден 400 шақырым жердегі Даначи ауылында тұратын ерлі-зайыптының Әзербайжан астанасындағы ауруханада жатқанына бір ай болды. Ауруханадан қашан шығаратынын әлі айтқан жоқ.
Сираджов ұшақ апатына не себеп болғанын, кім кінәлі екенін анықтау қажет деп біледі.
– Шындық айтылуы керек. Бұл жай ғана іс емес. Құр әшейін машина апаты емес қой, – деді ұшақ апатынан тірі қалған зейнеткер.
Оның отандасы Зохраб Бабаев та ұшақ апатының шындығы ашылады деп үміттенеді. Ол жолаушы ұшағы құлағанда мерт болған үлкен ұлы – 30 жастағы Анарды осыдан бір ай бұрын жерлеген.
– Ауыр, өте ауыр қазір бізге, – деді отбасына түскен қайғы жөнінде Бабаев. – Анасы көз жасы құрғамай, күндіз-түні жылайды. Ол оны жанындай жақсы көретін, тұла бойы тұңғышымыз еді.
Кейінгі жылдары Анар Бабаев Шешенстандағы Хасавюрт ауылында тұрып, еңбек еткен. Небір ауыр жұмыстарды істеп, жүк те тасыды де еске алады марқұмның әкесі. Тапқан табысының бір бөлігін ата-анасына жіберіп тұрған, інісіне көмектескен. Шешенстанда Анар шариғат жолымен некеге отырған әйелімен бірге тұрған екен. Зохраб Бабаев үлкен ұлының қандай арманы болғанын айтты.
– Балаларым болса дейтін, балаларды өте жақсы көретін. Бірақ өзі перзент сүйіп үлгермеді.
Жаңа жылдың алдында Анар Әзербайжанда тұратын ата-анасын көріп қайтуға және жарамдылық мерзімі аяқталған жүргізуші куәлігінің орнына жаңасын алу үшін бірнеше күнге барыпты.
– 19 желтоқсанда Грозныйдан Бакуге, ал 25 желтоқсанға Бакуден Грозныйға ұшаққа билет алыпты. Жүргізуші куәлігі де қолына тиді. Барған соң жақсы көлік сатып алам деп отырған. Өзінде "оныншы" маркалы (ресейлік ВАЗ-2110 – ред.) көлік бар болатын. Үлгермеді… – деді Зохраб Бабаев.
Ол ұлының сүйегін алуға Ақтауға барған. Алғаннан кейін өз Отанына, Әзербайжанның Астара ауданына жеткізіп, арулап қойған.
Зохраб Бабаев өз отбасына ұлын жерлеуге көмектескен Әзербайжан қоғамы мен билігінің қолдауын сезінгенін айтты. Әуекомпаниясы апат салдарынан қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге ақша төлеген.
– Ресей жағынан ешкім бізге көңіл айтқан жоқ, кешірім сұрамады. Олардан мүлдем ешқандай көмек болған жоқ, – деді Зохраб Бабаев.
Ұшақ апаты оқиғасына байланысты қылмыстық іс Әзербайжанда да, Ресейде де қозғалды. Алайда жеріне ұшақ құлағандықтан, апаттың себебі мен жай-жапсарын анықтайтын негізгі тергеуді Қазақстан жүргізді. Үкімет шенеуніктері тергеу тобының құрамында Әзербайжанның, Ресейдің және Embraer ұшағы құрастырылған ел – Бразилияның мамандары бар деп хабарлады.
Ұшақтағы "қара жәшіктердің" жазбаларын Бразилияның әуе оқиғаларын тергеу және алдын алу орталығының (CENIPA) мамандары зерттеді. Баку қара жәшіктерді Мәскеуде орналасқан Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) Халықаралық авиация комитетіне беруге қарсы болды.
Қазақстан билігі Ақтау маңына ұшақ құлаған сәттен бастап оқиғаға баға беруден бойын аулақ салып, "асығыс қорытынды жасамауға" үндеді. Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев 26 желтоқсанда журналистерге: "Суреттерге қарап апаттың себебі "анау-мынау" деу – спекуляция. Негізсіз мәлімдеме жасап, осындай бағалауларды тарату дұрыс емес және этикаға қайшы. Бұл қандай да бір адамдардың өзіне ұпай жинауы, қаралымын көтеруі, хайп қууы" деп айтты.
Қаңтардың ортасында ресейлік Baza telegram-арнасы ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырағанға дейін "экипаждың жердегі қызмет өкілдерімен сөйлескені" деп бір мәтінді жариялады. Ондағы жазбаларда Бакуден Грозныйға ұшып барған жолаушы ұшағы Шешенстан астанасындағы әуежайға қонуға бірнеше рет талпынған, содан кейін жергілікті диспетчерлерге ұшаққа құс соғылғанын және "кабинада екі орындық жарылғанын" хабарлағаны айтылған. Бұдан соң экипаж мүшелері Минеральные воды қаласына, кейінірек Махачқалаға ұшатынын хабарлаған. Оларды Ростов қаласындағы диспетчерлерге қосқаннан кейін экипаж Бакуге оралатын ниеті барын айтқан, бірақ кейін техникалық проблемалар барын хабарлап, Қазақстанның Ақтау қаласына бет алатынын мәлімдеген. Ақтаудағы диспетчерлер ұшақты қабылдауға әзір екенін айтқаннан кейін әңгіме үзіліп қалған.
Ұшақ апатын тергеу жөніндегі қазақстандық комиссия расталмаған деректерге түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. 24 қаңтарда осындай пікірді сол комиссияның жетекшісі, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев та айтты.
– "Қара жәшік" материалдарынан үлкен айырмашылығы бар. Ресми ақпаратты күтіңіздер, – деген Бозымбаев апаттың жай-жапсарын тексерудің алдын ала қорытындысы "келесі аптада жарияланады" деп уәде етті.
Бозымбаев уәде бергеннен кейін 11 күн өткенде, алдын ала есептің орыс тіліндегі мәтіні Қазақстанның көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Онда ұшақ Грозный аймағында болған кезде екі рет "соққы дыбысы" жазылып қалғаны айтылған, осыдан кейін ұшақтың басқару жүйесі істен шығып, салонда саңылау пайда болған.
Қазақстанның көлік министрлігі мен ұшақ апатын зерттеу жөніндегі комиссия әзірлеген құжатта ұшақ қаптамасын тесіп өткен іздер әуе кемесіне "сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді, киль мен тұрақтандырғыш тетікке көп зақым келген" деп жазылған.
"Тергеу жөніндегі комиссия ұшаққа қадалған бөгде заттарды алу жұмыстарын Бразилия Федеративтік Республикасының, Әзербайжан Республикасының және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының уәкілетті өкілдерінің көзінше жүргізді. Нәтижесінде ұшақтың зақымдалған тұстарына қадалған бөгде заттар көп алынды. Бөгде заттардан қалған тесіктердің сипаты мен неден пайда болғанын анықтау үшін тиісті зерттеулер мен сараптамалар жүргізілетін болады", – деп жазылған алдын ала есепте.
Қазақстан тарабы алдын ала қорытынды аясында жүргізілген жұмыстар "әлдекімнің кінәсі мен жауапкершілігін анықтауды көздемейтінін" айтып отыр.
Ал Әзербайжанның ресми тұлғаларының үні қазақстандық әріптестеріне қарағанда әлдеқайда қатқыл шығып жатыр.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев 29 желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында ұшақ апатын "жылы жауып қоя салғысы келеді" деп Мәскеуді тікелей айыптап, "бұл оған абырой әпермейді" деп сын айтты.
"Өз кінәсін мойындап, дос ел саналатын Әзербайжаннан уақытында кешірім сұрау және мұны қоғамға жеткізу – осының бәрі қабылдануы тиіс қадамдар мен шаралар болуы керек еді. Өкінішке қарай, алғашқы үш күнде біз Ресейден сандырақ болжамдардан басқа ештеңе естіген жоқпыз. Азаматтық ұшақ Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданып, іс жүзінде басқарудан айырылған", – деді Әлиев.
Содан бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Илхам Әлиевпен телефонмен сөйлесіп, Ресейдің әуе кеңістігінде болған "қайғылы оқиғаға байланысты" кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтқан. Алайда Ресей тарапынан әзербайжандық ұшақ апатына байланысты жауапкершілік жайлы ешқандай мәлімдеме болған жоқ.
Азаттық Азия мен Азаттықтың Әзербайжан қызметінің материалдарынан аударылды.