Үш жылдан бері Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаның шамамен 45 100 сарбазы қаза тауып, 390 мыңы жараланған. Украина президенті Владимир Зеленский жақында британдық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында осындай дерек айтты.
Екі ай бұрын Зеленский 43 мың адам қаза тауып, 370 мың адам жараланды деп мәлімдеген.
Украина басшысы сол кезде Ресей 200 мыңға жуық адамынан айырылып, 550 мыңы жараланған деп бағалаған. Ал қазір Зеленский Ресейдің 300-350 мың сарбазы қаза тапты, 70 мыңға жуық адамы хабар-ошарсыз кетті, жаралы болғандар саны 700 мың деді.
UA Losses жобасы ашық деректерге сүйеніп, 2022 жылғы 24 ақпаннан бүгінге дейін Украина қарулы күштерінің 63 584 сарбазы өлген деп бағалайды.
Ресей қанша адамынан айырылғаны туралы ресми мәлімет бермейді. Журналистер мен еріктілер ашық дереккөздерден Украинаға басқыншылық кезінде Ресейдің кемінде 91 059 сарбазы қаза тапқанын анықтаған. Бұл – 2025 жылғы қаңтардың аяғында жарияланған дерек, ол үнемі жаңарып отырады.
Батыстың барлау қызметтері Ресейдің де, Украинаның да жүздеген мың адамы қаза тапты және жараланды деп есептейді, ал Ресейдің адам шығыны көп деп бағалайды. АҚШ президенті Дональд Трамп Украинада Ресейдің бір миллионға жуық сарбазы, кемі 700 мың украин қаза тапқан болуы мүмкін деп мәлімдеген. Трамп мұндай мәліметті қайдан алғанын айтпады.
Зеленский журналист Пирс Морганға берген сұхбатында Украина қазір Ресей басып алған аумақтың бәрін қайтара алмай отыр деп мойындады. "Біз – адекват адамбыз, әзір белгісіз нәтиже үшін миллиондаған адамнан айырыла алмаймыз", – деді Украина президенті. Ол Киев Қырым, Донбасс, Запорожье және Херсон облыстарын Ресейдің жері деп ешқашан мойындамайды деді.
Зеленский бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы Ресей президенті Владимир Путинмен бірге келіссөз үстелі басына отыру болса, оған дайын екенін айтты.
ПІКІРЛЕР