Accessibility links

"Журналистерді қорғау комитеті" Темірлан Еңсебектің қамалғанын айыптады


Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек.

"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен қамалғанын айыптады. CPJ Қазақстан билігі Еңсебекті босатып, оған тағылған айыпты алып тастауға тиіс деген мәлімдеме жасады.

– Темірлан Еңсебекке тағылған айып оны өткір саяси сатирасы үшін қудалап жатыр деген алаң туғызады, – деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа мен Орталық Азиядағы бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.

Еңсебек "Йоу, орыстар" деген әнге байланысты тергеуге алынған. Сатиралық паблик дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесігнен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Ол кезде Қазақстанда бұл әнге тыйым салынбаған еді.

CPJ-ге пікір берген Темірлан Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаева белсендіге тағылған айыпты "орынсыз" және оны түрмеге жабуға "сылтау ғана", ал Еңсебек әннің авторы емес және оны шырқамаған деп айтқан. Сөзінше, Qaznews24 парақшасындағы жазба сатиралық деп көрсетілген.

– Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары аз елде Еңсебек күнделікті оқиғаларға пікір білдіру үшін сатираны қолдана алды. Әлеуметтік желілерде ол үнемі билікті сынайтын пародия жаңалықтар жариялады, – деп мәлімдеді "Журналистерді қорғау комитеті".

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады", – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда ол екі айға қамауға алынды.

Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Ол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG