Accessibility links

Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағы апаты жайлы алдын ала есепте не айтылған?


4 ақпан кешке Қазақстанның көлік министрлігі 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатын тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып (үшеуі экипаж мүшесі), 29 адам зардап шекті.

"Сырттан тиген бөгде заттар тесіп өткен"

"Ұшақтан қалған бөлшектерді алғашқы тексеру фюзеляж құйрығына, кильге және тұрақтандырғыш тетігіне, биіктік пен бағыттаушы рульдеріне зақым келтірген, мөлшері мен пішіні әртүрлі көптеген шұрықтар мен тесіктер барын анықтады. Әуе кемесінің сол жақ қозғалтқышына және сол қанатына, сондай-ақ әуе кемесінің агрегаттары мен компоненттеріне де осыған ұқсас зақым келгені анықталды. Кей жерінде қалған зақым ізі дұрыс тікбұрышты пішінді", – деп жазылған 53 беттен тұратын алдын ала есепте.

Есептің орыс тіліндегі мәтіні 4 ақпанда Қазақстанның көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланды, қазақша я ағылшын тіліндегі нұсқасы жоқ.

Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағының артқы бөлігінде шұрық-тесік көп із қалғаны апаттың себебі жайлы алдын ала есепте айтылған.
Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағының артқы бөлігінде шұрық-тесік көп із қалғаны апаттың себебі жайлы алдын ала есепте айтылған.

Есепте ұшақ бөлшектеріндегі зақым іздері жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген. Онда "көп мөлшерде" бөтен заттар алынғаны айтылған. Құжатта ұшақ қаптамасын тесіп өткен іздер әуе кемесіне "сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді" деп жазылған.

"Бөгде заттардан қалған тесіктердің сипаты мен неден пайда болғанын анықтау үшін тиісті зерттеулер мен сараптамалар жүргізілетін болады", – делінген есепте.

Соңғы сапардың хроникасы

Құжатта Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы Бакуден Грозныйға тұрақты әуе рейсіне ұшып шыққаны айтылған. Экипаж тиісті медициналық тексеруден және ұшар алдындағы дайындықтан ойдағыдай өткен. Ұшаққа техникалық қызмет көрсетілген.

Ұшақта экипаждың бес мүшесі мен 62 жолаушы (екеуі - бала) болған.

Ұшақ сапар бағытынан ауытқымай Грозныйға жеткен. Есепке сүйенсек, ұшақ Грозный әуежайына қонуға екі рет талпыныс жасағанымен, онысы сәтсіз болған. Ақыр соңында экипаж Әзербайжан астанасына оралуды ұйғарған.

Ұшақ Шешенстанда неге қона алмағаны жөнінде есепте еш мәлімет жоқ. Грозныйдағы әуедегі ұшақтармен байланысатын диспетчерлер мұнарасы мен Embraer экипажы ұшқыштары арасындағы әңгімеде де ол туралы ештеңе айтылмайды. Жарияланып отырған есепте экипаждың қонуға рұқсат алған сәтінен бастап ұшқыштар ұшақ Бакуге оралатынын хабарлағанға дейінгі аралықтағы әңгімелерінде екі минутқа жуық уақыт үзіліс бар. Тек соңында ресейлік диспетчерлердің ауа райы себеп болғанын айтқан сөздері жазылған.

05:13:30 UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт), ұшақ Грозный әуежайы үстінен көкке самғап бара жатқан кезде GPS белгісінің екеуі де жоғалып кеткен. Есепте оның себебі айтылмаған. Басқа жүйелер әдеттегідей жұмыс істеп тұрған.

05:13:31 – ұшақтың тіркеу жүйесі "соққы дыбысын" жазып алған, автопилот пен тартқыш автомат ажырап қалған. Үш секундтан кейін ұшақ рульдері мен доңғалақтарын қозғалтатын гидравликалық жүйедегі қысым мен сұйықтық деңгейі нөлге түсіп кетіп, басқаруға көнбеген. Бұдан кейін басқа жүйелер де істен шыға бастаған.

05:13:39 – ұшақ кабинасында саңылау пайда болған.

05:13:56 – екінші мәрте "соққы дыбысы" тіркелген. Экипаж командирімен сөйлескен стюардессалар салонда "екі орындық жарылғанын" хабарлаған.

Бұған қоса есепте ұшқыштардың Грозныйдағы әуе диспетчерлерімен сөйлескен сөздері де жарияланған. Ол жазбаларда капитан жердегі диспетчерлік басқару бекетіне ұшақ бағынуға көнбей жатқанын, "кабинаға құстар соғылғанын" хабарлаған.

Жердегілердің сөзіңізді қайталаңызшы деген сұрауы бойынша ұшақ капитаны: "Қатты соққы болды, артқы орындықтар жарылды деп жатыр, стюардесса айтты" деп хабарлаған.

Осы жазбаларға қарағанда, ұшақ экипажы Минеральные воды, Махачқала мен Ақтаудағы ауа райының жағдайы жөнінде мәлімет сұраған. Одан кейін экипаж Қазақстанға ұшуды ұйғарып, өрт сөндірушілер, эвакуациялық және медициналық қызметтер әзір тұрсын деп хабар берген.

"Жағдайымыз мынадай: жолаушылар кабинасында оттегі таусылайын деп қалды, яғни онда оттегі баллоны жарылған тәрізді, ааа, отын иісі тарады, жолаушылардың кейбірі естен танып қалып жатыр", – деген ұшқыштардың сөзі келтірілген есепте.

06:03:06 – экипаж Ақтаудағы диспетчерлермен сөйлескен.

6:22:20 – экипаж жерге тым жақын төмендеген ұшақты қондыруға тырысқан.

06:27:58 – ұшақ жерге құлаған.

Апат салдарынан ұшақ толық қирап, бір бөлігі жанып кетті делінген есепте.

"Бұл есепте алдын ала ақпарат ұсынылып отыр, барлық материалдарды зерттеу мен саралаудың нәтижелері бойынша ол нақтыланып, толықтырылуы мүмкін" деп жазылған құжатта.

"Қосымша ақпарат"

Қазақстанның көлік министрлігі жариялаған есептің 1.18 бөлімі "Қосымша ақпарат" деп аталады. Есепте осы бөлімдегі әңгімелерде әуе қозғалысын ұйымдастырудың Бірыңғай жүйесінің өңірлік орталығы (ДВЗ) Грозныйда радиусы 50 километр аумақта "Кілем" жоспары енгізілгенін хабарлағаны көрсетілген.

Бұған дейін әуе кеңістігін жабуды және барлық ұшақтардың ұшуына тыйым салуды көздейтін ондай жоспар Украина қарулы күштері дрондарының шабуылына байланысты енгізілген деген хабарлар болған еді.

Есепте Грозныйдағы диспетчерлермен әңгіме кезіндегі жалғыз уақыт шамасы ғана көрсетілген – 05:21:42. Одан басқа уақыттың не себептен көрсетілмегені түсіндірілмеген.

Мәтіннен AZAL ұшағы Грозныйдың әуе кеңістігінен шығып бара жатқан кезде әртүрлі жерде орналасқан диспетчерлердің өзара ақпарат алмасқаны аңғарылады.

Осылайша, нақты көрсетілмеген уақытта ДВЗ Махачқаладағы диспетчерге "Кілем" жоспары енгізілгенін хабарлап, Embraer "Грозныйдағы ауа-райы мен жабуға" (әуе кеңістігі жөнінде айтқан сияқты – ред. ) байланысты сол жаққа баруына болады деп айтқан. Грозный ДВЗ-ға Әзербайжан ұшағына "құс соғылғанын" және "ондағы жағдай тұрақсыз" екенін хабарлаған.

Жарияланған әңгімелерге қарағанда, диспетчерлер ұшақ экипажына Грозныйдың әуе кеңістігі жабылып жатқаны жөнінде ештеңе айтпаған.

Есепте "Жаһандық орын анықтау жүйесінің (GPS) сигналы жоғалған оқиғалар тіркелген аймақтарға ұшудың қауіп-қатерін бағалауды жүргізу" керек деген бір ғана кеңес айтылған.

Қазақстандық авиация инженері, отставкадағы әскери офицер Дәулет Жұмабеков Азаттық Азияға айтқан пікірінде Қазақстанның көлік министрлігі жариялаған ұшақ апаты жөніндегі есепті "тура күткендегідей: барынша бейтарап" деп сипаттады.

"Тіпті алдын ала есепті белгіленген мерзімнен неліктен кештеу жариялағаны да түсініксіз. Бәлкім, Әзербайжан мен Ресей арасындағы келіспеушілікке байланысты болар, тұжырымдарды келіскен шығар. Ең бастысы расталды: апатқа сыртқы әсер себеп болған. Ал тергеуіміз нақты кінәліні анықтауға тиіс емес", – деді Жұмабеков.

  • Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңына құлады. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
  • Апаттан кейін оның себебі жайлы "жолаушы ұшағына Грозный аспанында әскери зениттік зымыранның жарықшақтары тиген болуы мүмкін" деген негізгі болжам айтылған.
  • Қазақстанның көлік министрлігі жүргізген апаттың жай-жапсарын тексеру жұмыстарына Әзербайжаннан, Ресейден және Бразилиядан сарапшылар қатысты.
  • Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұшақ апатына "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
  • Қазақстан үкіметі ұшақ апаты туралы алдын ала есеп жарияланатынын бірнеше рет хабарлағанымен, кейінге сырғытып келді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (Internatіonal Cіvіl Aviation Organіzatіon, ICAO) ережесі бойынша, алдын ала есеп апат болған сәттен бастап 30 күннен кешіктірілмей жария болуы керек. Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының апаты туралы алдын ала қорытынды тек 40-күні жарияланды.
XS
SM
MD
LG