Тәжікстанның авторитар үкіметі тағы екі журналисті түрмеге қамап, тәуелсіз баспасөзге жаңа соққы жасады. Медиа қауымдастық мұндай қудалау елдегі "нағыз журналистиканың" түбіне жетеді деп қауіптеніп отыр.
10 қаңтарда елдің оңтүстігіндегі Куляб қаласында жергілікті газеттің бас редакторы, 63 жастағы Ахмад Иброхим пара алу, бопсалау және экстремизм айыбымен 10 жылға түрмеге қамалды. Ардагер журналист өзіне тағылған айыпқа келіспейді.
5 ақпанда Тәжікстан астанасы Душанбеде 31 жастағы тәуелсіз журналист, түрлі ақпарат құралында қызмет еткен Рухшона Хакимова сегіз жылға сотталды. Мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылған журналистің соты жабық өтті. Оның ісінің жай-жапсары ашық айтылған жоқ. Үкімет Хакимованың ісіне құпия деген белгі соқты.
Тәжікстанда 2022 және 2023 жылдары жалған айыппен істі болып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалған кемінде сегіз журналист пен блогер бар, жаңа жылдан кейінгі екі жағдаймен тізім толыға түсті.
Журналист Ахмад Иброхим 2012 жылы "Пайк" деген газет ашқан еді. 10 мың дана болып тарайтын басылым саясаттан аулақ, жергілікті жаңалықтарды жариялайтын.
"Пайк" Хатлон оңтүстік аймағындағы жалғыз тәуелсіз БАҚ болды. Қызметін асыра пайдаланатын жергілікті шенеуніктерді сынға алудан қорықпағанмен, үкіметке оң қарайтын.
"Иброхим бірде Куляб қаласының әкімі жол салуға бөлінген мемлекет қаржысын дүниеден өткен анасының мазарын көтеруге жұмсағанын жариялады, — дейді журналисті жақсы білетін азамат Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосына. — Әлбетте, мұндай материалдар шенеуніктерге ұнамағаны анық".
Душанбеде Рухшона Хакимованың адвокаты да, туыстары да баспасөзге сұхбат беруден бас тартты. Істен хабардар дереккөз мұны көпшілікке жариялауға тыйым бар екенін айтады. Екі кішкентай баласы барына, оның бірі сегіз-ақ айлық екеніне қарамастан, Хакимова бірден сот залынан қамауға алынған. Журналистің балаларын ата-анасының қамқорлығына берген.
Дереккөздердің айтуынша, "мемлекетке сатқындық жасады" деген айып Қытайдың Тәжікстанға ықпалы туралы қоғамдық пікірге сұрау салумен байланысты. Хакимова былтыр жұмыс аясында осындай сауалнама жүргізген. Қытай — Тәжікстанның негізгі экономикалық серіктесі.
Қорқыныш күшейді
Озоди тілшісімен сөйлескен Душанбедегі бірнеше тәжік журналисі Иброхим мен Хакимоваға қарсы іс елдегі журналистер ортасында үрей мен өзіндік цензураны күшейткенін айтады.
"Тәжік ақпарат құралдарында үкіметті, соның ішінде әсіресе президентті (Эмомали Рахмон) сынау мүмкін емес. Ірі ақпарат құралдарының бәрі Рахмонға мадақ айтудан босамайды", — деді аты-жөнін атамауды өтінген душанбелік жас журналист.
1992 жылдан бері басқару тізгінін уысынан шығармай келе жатқан Рахмон Орталық Азия аймағындағы билік басында ең ұзақ отырған президенттің бірі. Ол осы жылдар ішінде Конституцияға өзгеріс енгізу, саяси қуғын-сүргін, басқаша ойлайтындарды басып-жаншу арқылы билігін нығайтып алды.
"Біздің ақпарат құралдарында терең талдауға немесе журналистік зерттеуге орын жоқ. Шенеуніктерді сынауға болмайды, тіпті респонденттерге дейін қорқады. Бәрі әбден қорқып қалған, — деді журналист. — Ешкімнің көңіліне тимейтін, үстірт тақырыптарды ғана таңдаймыз. Нағыз журналистика жойылып барады, үкімет оның түбіне жетіп жатыр".
Тағы бір тәжік журналисінің айтуынша, аймақтағы журналист Иброхим қамауға алынғаннан кейін ақпарат құралдары тіпті "электр энергиясының жетіспеуі сияқты жергілікті мәселелерді жазуға да қорқады".
"Авторитар үкімет халықты қорқытып-үркітіп, қоғамды басып-жаншу есебінен тіршілік етіп отыр. Журналистерді қамауға алу арқылы басқаларға тыныш жүр деп ескертуді көздейді", — деді Еуропада тұратын тәжік журналисі Зафар Суфи.
Қамауда отырған журналистер арасында Таулы Бадахшан автономиялық облысында үкіметке қарсы наразылықты ұйымдастырды деген айыппен 21 жылға сотталған Улфатхоним Мамадшоева да бар. Ол өзі осы аймақтан.
Блогер Далер Имомали тыйым салынған "Группа 24" оппозициялық қозғалысымен байланыс орнатқан болуы мүмкін деген айыппен 10 жылға қамалған.
Тағы алты журналист пен блогер "тыйым салынған оппозициялық партиялармен байланыс орнатқан", "экстремизм" және "лауазымды тұлғалардың намысына тиген" деген айыппен жеті жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге сотталған. Олар өздеріне тағылған айыпты азаптаудан кейін "мойындауға" мәжбүр болдық деп мәлімдеді.
46 жастағы блогер Абдусаттор Пирмухаммадзода өзін тергеу абақтысында "ұрып-соғып, электрошокермен қинап", елде тыйым салынған Тәжікстанның исламды жаңғырту партиясымен байланысы барын мойындатқанын айтты.
Пирмухаммадзода елдегі әлеуметтік мәселелер, соның ішінде жаппай жұмыссыздық жөнінде репортаждар жариялағаннан кейін қамауға алынған.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті құқық қорғау ұйымы 2024 жылғы баяндамасында Тәжікстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы кейінгі отыз жылда нашарлай түскенін, себебі президент Рахмон "басқаша ойлауға жол бермейтін, жеке-дара билік орнатқанын" мәлімдеді.