Accessibility links

Трамп: Израиль соғыс аяқталған соң Газаны АҚШ-қа береді


Газа секторында су алуға кезекте тұрған адамдар. 4 ақпан, 2025 жыл.
Газа секторында су алуға кезекте тұрған адамдар. 4 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль Газада соғыс аяқталғаннан кейін, анклав халқы басқа жаққа көшкен соң секторды АҚШ-қа береді деп мәлімдеді. Ол мұны 6 ақпанда айтты.

Осының алдында Газа секторын АҚШ-тың бақылауына алып, оны "Таяу Шығыс Ривьерасына" айналдыру ниеті барын мәлімдеген Трамптың сөзін әлемнің көптеген елі сынға алды. Reuters агенттігінің жазуынша, Израиль өз армиясына палестиналықтардың Газадан "өз еркімен кететініне" дайындалуды бұйырған.

"Соғыс аяқталғаннан кейін Израиль Газа секторын АҚШ-қа береді", – деп жазды Трамп өзінің Truth Social деген веб-платформасында. Айтуынша, осы уақытқа дейін палестиналықтар "жаңа және заманауи үйлері бар аймақтағы әлдеқайда қауіпсіз және әдемі қауымдастықтарға көшкен болар еді".

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац ел армиясына анклавтан кеткісі келетін Газа тұрғындарына өз еркімен сектордан шығуға мүмкіндік беретін жоспар дайындауды бұйырғанын айтты.

"Президент Трамптың батыл жоспарын құптаймын. Газа тұрғындарына бүкіл әлемдегідей елден кетуге және қоныс аударуға еркіндік берілуі керек", – деді Кац Х желісінде. Айтуынша, оның жоспарына сай, Газа тұрғындары сектордан жаяу немесе теңіз жолымен я ұшаққа мініп шығып кетуі мүмкін.

Жақында Израиль мен ХАМАС Дохада Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңі бойынша келіссөздер бастаған. Оған сәйкес, Израиль әскері сектордан толық шығуы керек.

Сейсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы палестиналықтарға соғыстан қираған сектордан көрші елдерге біржола көшуді ұсынды. Америка президенті Газаны "сүрілетін жер" деп атады.

Келесі аптада Трамппен Ақ үйде кездесейін деп отырған Иордания королі Абдалла Газаны бақылауға алу, палестиналықтарды сектордан шығару туралы ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамады. Сауд Арабиясы да бұл ұсынысқа келіспеді.

Сыншылардың пікірінше, Трамп 2017-2021 жылдары президент болған кезде сыртқы саясат бойынша шамадан тыс мәлімдеме жасаған, олардың көбі сөз күйінде қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG