Accessibility links

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримованың 182 млн долларын қайтаруға келісті


Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова. Франция, 22 мамыр, 2010 жыл.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова. Франция, 22 мамыр, 2010 жыл.

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримованың 182 млн доллар активін қайтаруға келісті. Гүлнара – Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы. Активті қайтару келісімі жөнінде 6 ақпанда Өзбекстан әділет министрлігі хабарлады. Құжатқа Өзбекстанның әділет министрі Акбар Тошкулов пен Швейцарияның Ташкенттегі елшісі Константин Оболенский қол қойған.

Өзбекстан әділет министрлігінің хабарлауынша, қайтарылатын қаржыны "Өзбекстанның жекелеген азаматтары заңсыз иеленген және 2012 жылы Швейцарияның бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың үстінен қозғаған қылмыстық іс аясында толық тәркіленген".

Бұл қаржы Ташкентке Uzbekistan Vision 2030 деген қор арқылы берілмекші. Өзбекстан әділет министрлігі қайтарылатын ақша елдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады деп отыр.

2022 жылғы 16 тамызда осы қор арқылы Швейцарияда тәркіленген заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару туралы келісімге қол қойылды. Бастапқы келісім Өзбекстанға 131 миллион доллар қайтаруды көздейді. Министрліктің хабарлауынша, екінші келісім арқылы Өзбекстанға қайтарылған қаржының жалпы сомасы 313 миллион долларға жетпек.

Бұған дейін түрмеде жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримованың 2024 жылдың аяғында Ташкент маңындағы әйелдер колониясынан №42 түзеу колониясына ауыстырылғаны жөнінде ақпарат тараған.

Өзбекстанды 25 жылдан астам басқарған Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара бір кездері әкесінен кейін билікте қалуы ықтимал тұлға саналған. 2020 жылы Ташкент қалалық соты оны 13 жыл 4 айға бостандығынан айырды.

Сот Каримованы қылмыстық топ құру, бопсалау, ақша ұрлау және жымқыру, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, тағы басқа қылмыстарға қатысы бар деп таныды.

Каримованың есімі Еуропа мен АҚШ-та жүргізілген бірқатар халықаралық қылмыстық іс пен тергеуде аталады.

Өзбекстанның бас прокуратурасының мәліметінше, Гүлнара Каримованың әрекеті мемлекет пен халыққа 1 трлн 270 млрд 200 млн сум, яғни 1 млрд 651,8 млн АҚШ доллары және 26,1 млн еуро шамасында залал келтірген.

Өзбек билігінің мәліметінше, Гүлнара Каримова мен оның қылмыстық тобының Франция, АҚШ, Латвиядағы және басқа елдердегі активі шамамен 1,4 млрд долларға бағаланады. 2020 және 2021 жылдары Өзбекстан Париждегі кондоминиум мен 1815 жылы салынған Château de Groussay сарайын сатқаннан кейін Франциядан 20 млн доллар қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG